. .

10 қыркүйекте Қазақстан-Британ техникалық университеті Консультативтік кеңесінің 6-отырысы өтті. Онлайн-форматта өткен жиын бәсекеге қаблетті кадрларды даярлау мәселелерін тиімді шешу үшін университет пен түрлі саладағы 80-нен астам жетекші компаниялардың басын қосты.

Консультативтік кеңес мүшелеріне алғашқы болып ҚБТУ ректоры Кенжебек Ибрашев және Консультативтік кеңестің төрағасы, Agip Caspian Sea BV басқарушы директоры Николо Аггоджери сөз сөйледі.

Кеңесте өткен оқу жылының қорытындылары және ҚБТУ-дың жаңа оқу жылына арналған жоспарлары талқыланды. Кенжебек Ибрашев университеттің магистратура және докторантура бағдарламаларының, сондай-ақ шетелдік студенттер контингентінің тұрақты өсуін атап өтті. Бітіруші түлектерді сапалы даярлаудың арқасында жоғары оқу орны олардың жұмысқа орналасуының жоғары деңгейін сақтап отыр, көрсеткіш 2019 жылдың қорытындысы бойынша 90% - дан асады. Кеңес барысында мұны "ҚазМұнайГаз", "Теңізшевройл" және басқа да компаниялардың өкілдері атап өтті.

Қолданыстағы білім беру бағдарламаларын дамытуға да, жаңаларын енгізуге де көп көңіл бөлінеді. Мәселен, өткен оқу жылында тоғыз жаңа бағдарлама енгізілді, атап айтсақ, Лондон университетімен бірлесіп Data Science and Business Analytics және италиялық ірі Eni мұнай – газ компаниясымен бірлесіп екі магистрлік бағдарлама - "Мұнай-газ ісі" және "Өнеркәсіптік жобаларды басқару және инжиниринг". Жаңа оқу жылында жеті бағдарлама пайда болды. Жақын арада Eni-мен тағы екі бағдарлама ашу жоспарлануда.

ҚБТУ ректоры Chevron, NCOC, Schlumberger, Micromine, Honeywell, Emerson, Baker Hughes сияқты университет серіктестерімен бірлескен жұмыстың, мұнай-газ саласының өзекті бағыттары бойынша бірлескен зертхана ашудың, процестерді автоматтандырудың, теңіз индустриясы және АТ саласындағы мамандарды оқытудың маңыздылығын атап өтті.

Университет жақын болашақта сұранысқа ие болатын түрлі білім беру бағдарламаларының қиылысында жаңа кәсіптерді дамытуда үлкен әлеуетке ие. "Факультеттердің оңтайлы әрі қызықты үйлесімінің арқасында ҚБТУ осындай мамандарды даярлауды өте тез дамыта алады, - деп есептейді ARG Group "Мұнай-газ және энергетика салаларындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы" жобасының жетекшісі Олег Мецик.

Алматы қаласы Цифрландыру басқармасымен және бүкіл әлем бойынша 11 орталығы бар ақылды қалалар саласында мамандар даярлау жөніндегі швейцариялық IGLUS компаниясымен бірлесе отырып ҚБТУ базасында Smart city lab зертханасын ашу, сондай-ақ "Яндекс" компаниясымен ынтымақтастықты бастау идеясы ерекше назар аударуға тұрарлық. "Біз ҚБТУ - мен мектеп қабырғасында бағдарламалауды тереңдетіп оқытатын «Яндекс Лицей» жобасынан бастап, бірлескен магистратураға немесе біліктілікті арттыруға я қызметкерлерді қайта даярлауға дейінгі траекторияны жабатын «Яндекс Практикум» жобаларының тұтас желісі бойынша өзара іс-қимылды бастадық", - деп ой бөлісті "Яндекс" өңірлік білім беру жобаларын дамыту жөніндегі директоры Сергей Бражник. - "Яндекс" ҚБТУ магистратура деңгейінде Машиналық оқыту және деректерді талдау бойынша жинақталған материалдарды интеграциялау үшін "Ақпараттық жүйелер" білім беру бағдарламасының Data science трегін қалыптастыруға қатысты, және бұл бүгіннің өзінде көптеген жақсы пікірлерге ие. Толығырақ тоқталып өтсек, "Яндекс Практикум" – бұл онлайн-білім беру жобасы, мұнда әркім қажетті IT мамандығын нөлден бастап оқи алады. ҚБТУ қазіргі таңда "Яндекс Практикумның" Қазақстан аумағындағы ресми серіктесі болып табылады.

Кеңесте ҚР Білім беру жүйесіндегі соңғы үрдістер және қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану, ғылыми-инновациялық қызмет және ҚБТУ-дың цифрлық трансформациясы туралы мәселелер қаралды.

Кеңес мүшелері білім беру және маркетинг мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар берді, сондай-ақ университет тарапынан айтылған бастамаларды қолдады.

Қазақстан экономикасының барлық спектрін ұсынатын ҚБТУ Консультативтік кеңесінің мақсаты – университеттің стратегиялық дамуына, сондай-ақ оқу және ғылыми-зерттеу жоспарларына кеңес ұсыныстарын енгізу арқылы шығарылатын мамандардың сапасын арттыруға жұмыс берушілердің ықпалын күшейту. Консультативтік Кеңеске Kazenergy қауымдастығы, Атамекен ҰКП, ҚазМұнайГаз ҰК АҚ және оның еншілес кәсіпорындары, NCOC, Chevron, Тенгизшевройл, Exxon Mobil, Agip Caspian Sea BV, CNPC – Ақтөбемұнайгаз, КПО, КҚК, Schlumberger, Honeywell, Deloitte, EY сияқты ұйымдардың өкілдері, ҚР Ұлттық Банкі, Халық Банк, Астана ХҚО, ACCA, British Council, Самұрық-Қазына ҰӘҚ және оның еншілес компаниялары, мысалы, Қазатомөнеркәсіп ҰАК және басқалары кіреді.